Алматыдан 300 шақырым жерде жер сілкінісі тіркелді

Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 300 шақырым жерде жер сілкінісі тіркелді. Зілзаланың ошағы Қырғызстан аумағында орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясы Сейсмология институтының мәліметінше, жерасты дүмпуі 24 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 9:50-де болған.

Жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында, Байбиче ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 13 шақырым, Манас қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 95 шақырым жерде орналасқан. Бұл Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 300–350 шақырым қашықтықта.

Байбиче және Қара-Дөбе ауылдарында жер сілкінісінің күші 2 балл болып сезілген.

Қазақстан аумағында жерасты дүмпулерінің сезілгені туралы ақпарат түскен жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!