Алматыдағы зообаққа ақ аю әкелінді. Пурга есімді ақ аю 2017 жылы туған. Ол бізге Мәскеу хайуанаттар бағынан жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зообақтың хабарлауынша, бұл ерекше жануарды өзімізге алу үшін алдымен үлкен дайындық жұмыстары жасалған. Арнайы қоршау жасалып, бассейн салынған.
"Еуро-Азиялық Аймақтық зообақтар мен аквариумдар ассоциациясының (ЕАРАЗА) келісімін алып, содан кейін ғана аю зообағымызға орналастырылды. Бізге келгеннен кейін ақ аю карантинде болды. Бұл талап зообақтарға әкелінетін, басқа жаққа берілетін барлық жануарларға қатысты. Енді, карантин аяқталып, біздің келушілеріміз зообағымыздың жаңа тұрғыны – Пурганы көре алады", - делінген хабарламада.
Оның орналасқан вольері кең, ауласында екі бассейні бар.
Үйшігінің ішінде ауаны салқындатып тұратын арнайы желдеткіш орнатылған және суық еден жасалған.
Ол сиыр, тауық етімен, түрлі балықтармен, алма, алмұрт, салат жапырағы, балмен қоректенеді.
Пурга жыртқыш болса да, айналасымен тез тіл табыса алатын, мінез-құлқы жайлы жануар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!