Алматыда тағы бір көлік жуу орны сүрілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, Ахмедияров көшесі, 18/58 мекен жайындағы көлік жуу және сервис орталығы сүрілген.
"Жоспардан тыс тексеріс барысында жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз бұрынғы ғимаратты бұзып, екі ғимарат салып, олар көлік жуу және май ауыстыру бекеті ретінде пайдаланылып жатқаны анықталды. Нысан иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, ғимараттарды бұзу туралы нұсқау берілді", - деп жазылған хабарламада.

2024 жылы 16 қаңтарда басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына осы нұсқауды мәжбүрлеп орындату туралы талап арыз берген.
"Сот басқарманың талабын қанағаттандырды", - деп жазылған хабарламада.
Суреттер: Алматы әкімдігі
Сот шешімін орындау мақсатында заңсыз салынған ғимараттарды иесі өзі бұзып тастаған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы Бостандық ауданы Ерменсай шағынауданында заңсыз салынған көпқабатты таунхаус сот шешімімен бұзылды. Ғимаратты бұзу кезінде таунхаус иесі Мәжіліс депутатымен жанжалдасып, өз-өзін өртеп жіберемін деп қорқытты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова