Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы өкілдері жыл басынан бері қанша құрылыс бұзылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы жыл басынан бері қаланың құрылыс нысандарында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды жоюға 211 ұйғарым берді. 2023 жылы 1074 тексеру жүргізіліп, 634 нұсқама берілген.
Ведомство өткен жылдың басынан бастап сотқа құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 206 талап арыз жіберілгенін хабарлады. Оның 100-і бойынша талқылаулар бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев таулы жерде заңсыз құрылысты бақылауды күшейтуді тапсырған еді. Сотқа заңсыз объект бойынша 45 талап-арыз берілді. Соның 36-сы бойынша бүгінгі күнге басқарманың талап-арызы қанағаттандырылды.
Жалпы қала бойынша талап қою қызметінің нәтижелері бойынша өткен жылдан бастап 28 заңсыз нысан, оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, жапсарма құрылыс пен автосервистер, сондай-ақ "Мечта" мен "KHAN" сияқты ірі тұрғын үй кешендері бұзылды.
Бұдан өзге қала басшысының бастамасымен заңнамаға инспекциялау шеңберінде құрылыс жұмысын тоқтата тұру мүмкіндігімен құрылыс кезінде бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретін "жедел ден қою шарасы" жаңа бақылау тетігін енгізу бойынша түзетулер енгізіледі.
2022 жылдың маусым айында қала мәслихаты әкімдіктің бастамасымен аумақтың функционалдық аймақтарын салудың қала құрылысы регламенттерін іске асыру жоспарына өзгерістер енгізді. Ол өзгеріс беткейлері 15 градустан асатын учаскелерде құрылысқа тыйым салуды көздейді.
Қабылданған өзгерістер Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында және егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобаларында көрініс тапты. Қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша оған қала тұрғындарының, сарапшылардың бірқатар ұсынысы енгізілді. Олардың бірі — тау бөктеріндегі 4270 гектардан астам жерді рекреациялық аймаққа ауыстыру. Сонда да бұл жерде құрылысқа тыйым салынады.
Алматы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметі бойынша, тау бөктеріндегі жерде объектілерді жобалауға азаматтардың өтініші негізінде сол аймақтағы топырақтың инженерлік-геологиялық дерегі беріледі. 2022 жылы 36 нысанның құрылысына рұқсат берілмесе, өткен жылы – 89, ал биыл – 32.
Биылғы жылдың 29 наурызында өткен кеңесте қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық Жоспарлау және урбанистика, сондай-ақ Қала құрылысын бақылау басқармаларының және аудан әкімдіктерінің мамандары тау бөктеріндегі аумақтарда өз бетінше құрылыс жүргізетіндерге тұрақты мониторинг жүргізуге тиісті.
Сонымен қатар, заңнаманы жетілдіру бөлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленетін құрылыс кодексіне қала құрылысын бақылау органдарының өкілеттіктерін күшейту жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Бұл жерде жеке тұрғын үйлердің құрылысын тексеруге рұқсат беру туралы айтылып отыр. Өйткені кейбір құрылыс салушылар тау бөктерінде жеке тұрғын үй құрылысының орнына көп қабатты үй тұрғызады.
Жалпы Алматыда құрылыс саласында тәртіп орнату бойынша кешенді жұмыс жалғасады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!