Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өкілі лай көшкіні жүрген аумақта құтқару жұмыстары неліктен түннен бері жүргізіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның баспасөз хатшысы аумақтың жер ерекшелігі құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп жатқанын мәлімдеді.
"Неге түнгі 2.20-дан бері іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр? Оқиға орнының тарлығы, тау баурайындағы күрделі рельеф құтқарушыларға кедергі келтіріп жатыр. Өйткені түскен саз балшық массасының көлемі 3500 текше метр болғандықтан, үйдің барлығын аударып жіберген. Шыны, арматура, құтқарушыларды зақымдайтын заттар көп. Құлаған құрылымдардан жұмыстар күрделеніп жатыр. Жұмыстар әлі жүргізіліп жатыр. Таңғы 10.00-де жасөспірімнің денесі табылды. Қалған 3 адамның мәйіті әлі табылған жоқ. Бір отбасы", - деді қалалық ТЖД өкілі.
Еске салайық, 8 ақпанда түнгі сағат 2-20-да Медеу ауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануынан лай көшкіні жүргені хабарланды. Төтенше жағдай салдарынан үйлерге зақым келді. Көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.
Кейінірек Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барып, шұғыл түрде көшпелі кеңес өткізді.
Ал Төтенше жағдайлар департаменті өкілі тұрғын үйлердің бірінің астында төрт адам қалуы мүмкін екенін, оның екеуі бала, екеуі ересек адам екенін мәлімдеп, құтқару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз