Алматыда қаладағы ең танымал муралдардың бірі боялды. Tengrinews.kz тілшісі оқиға орнына барып, әкімдіктен арт-объектінің не себепті өшірілгенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мурал
Назарбаев даңғылы, 245 мекенжайындағы үйдің қасбетіндегі көп алматылыққа таныс мурал өшірілген. Мұны әлеуметтік желі қолданушылары байқады.
Скриншот: mae_diar/Threads
Еске салайық, мурал 2018 жылдың күзінде Mural Fest фестивалі аясында пайда болған еді. Оның авторы - екі қабатты үйдің қасбетін бейнелеген ұлыбританиялық суретші Дэн Китченер. Ол қала пейзаждарынан шабыт алатынын және күнделікті өмірдің сұлулығын түс, жарық пен композиция арқылы жеткізуге тырысатынын айтқан болатын. Айта кетейік, суретшінің жұмыстарын Лондон, Милан, Гонконг, Барселона, Токио, Стокгольм және әлемнің басқа да қалаларынан көруге болады.
Мурал неге өшірілді?
Бостандық ауданы әкімінің аппараты мердігер ұйым көпқабатты үйлердің қасбетін әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, жөндеу басталмас бұрын мамандар қасбетті тексеріп, зақымдалған тұстарын анықтаған.
"Тексеру барысында сылақтың түсіп қалуы, қабырғалардың жарылуы, кей тұстардың ісініп кетуі, қасбет әрлеуінің бүлінуі және сыртқы жабынның босап қалуы сияқты көптеген ақау анықталды", – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Әкімдік мәліметінше, қасбеттегі ақаулардың салдарынан кейбір бөліктердің құлап кету қаупі туындаған. Сонымен қатар, ғимараттың сыртқы көрінісі де нашарлаған.
Аудан әкімдігі жөндеу басталмай тұрып, үй тұрғындарымен жиналыс өткізіліп, олардың келісімі алынғанын атап өтті.
"Жұмыстар бекітілген эскиздік жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат - ғимаратты қауіпсіз пайдалануға жағдай жасау, қасбетті қалпына келтіру және оның сәулеттік келбетін Алматының дизайн-код талаптарына сәйкестендіру", – деп түсіндірді аудан әкімдігі.
Қазір бұл жерде не болып жатыр?
Тілші муралдың қазіргі күйін көру үшін оқиға орнына барды. Бұрын көз тартатын сурет болған қабырға қазір қайта сыланып, ақ түске боялған.
Фото Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Фото Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Ғимараттың бүйір жағында құрылыс сатылары орнатылған, ірге бойымен қаптау жұмыстары үшін ор қазылған, ал аумақтың бір бөлігі қоршалған. Объектінің төлқұжатына сәйкес, жұмыстарды 2026 жылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланған.
Фото Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Фото Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Әкімдік жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұрынғы суретті қалпына келтіру немесе жаңасын салу жоспарда жоқ екенін айтты.
Мән-жай: қасбеттерді ауқымды жаңарту
Назарбаев даңғылы, 245 мекенжайындағы үй 2026 жылдың сәуірінде басталған қасбеттерді жаңарту бойынша қалалық бағдарлама аясында жөнделіп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz