Алматылықтар метродағы адамдардың саны күрт өскенін айтуда. Бұл жайлы Tengri Life қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengri Life-ке оқырманнан сұрақ келген.
"Бұрын қарбалас уақытқа дейін келсеңіз, бостау вагонмен баруға болатын. Қазір кешкі сағат 21:00 немесе 22:00-де де адам өте көп. Жақын арада жаңа бекеттер ашылады ма?", - деп сұрады ол.
Оған қоса, әлеуметтік желілерде көп адамның метро күтіп тұрғаны және көбіне вагондар толы келетіні түсірілген видеороликтер жиі кездеседі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың мамырында метродағы жолаушылар ағыны 2 миллион 191 мың жолаушыны құрады, бұл 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 292 мың жолаушыға көп.
"2024 жылдың 5 айында 11 миллион 4 мың жолаушы тасымалданды, 2023 жылдың осы кезеңінде 10 миллион 358 мың жолаушы тасымалданды. Яғни, 2024 жылдың 5 айында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 646 мың жолаушыға көп тасымалданды", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі болашақта жаңа метро бекеттерін, мысалы, "Қалқаман" бекетін ашу жоспарланып отырғанын растады. Желінің ұзындығы 2 шақырымды құрайды.
"Оны ашудың жоспарланған мерзімі - 2025-2026 жыл. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, үшінші кезек (3 станция). Желінің ұзындығы - 5,3 километр. 1-ші станция - Алатау даңғылы, Абай даңғылының солтүстігі, Сабденов көшесінің оңтүстігі, Наурызбай ауданы әкімдігінің жанында. 2–ші станция - Алатау даңғылының бойында, Төле би көшесінің қиылысында. 3–ші станция - "Барлық" базарының аумағында. Жоспарланған ашылу мерзімі - 2030 жылға дейін. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде", - деп хабарлады әкімдік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!