Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Алматы тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 58 мың қызметтің түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 265 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі МӘМС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жанар Кенжебаеваның айтуынша, кемшіліктің басым бөлігі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалардан анықталып отыр. Олар 57 мыңнан астам қызметті кемшіліктермен көрсеткені үшін 150 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Сонымен қатар, ақаумен көрсетілген 680 қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Аталған кемшіліктер үшін 100 млн теңге айыппұл салынған.
"Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, "көрсетілді" деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар", – деді Жанар Кенжебаева.
Бұған дейін хабарланғандай, МСҚ көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Бүгінде дәрігер көмегіне жүгінбеген адамды "қабылдауда болды" деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті мәселеге айналғаны белгілі.
"Биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында филиал мамандары азаматтардан түскен арыз-шағымдар нәтижесінде осындай 50 фактіні анықтап, емхана-амбулатория деңгейінде жүргізілген мониторинг барысында медицина ұйымдарына 1,5 млн теңге айыппұл салды. Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады", - деді филиал басшысының орынбасары.
Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астанада 226 медицина ұйымы тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде қызмет көрсетеді.
Тегін медициналық көмекке жүгінбесеңіз, МӘМС-ке жиналған ақшаны ала аласыз ба?