Алматыдағы крематорийдің ашылуы кейінге шегерілді

Алматыда крематорий құрылысының мерзімі бағаның өсуіне және сметаны өзгерту қажеттілігіне байланысты кейінге шегерілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Алматыдағы крематорий құрылысы трансформаторлық қосалқы станса мен газ құбырының трассасын орнатуды қоспағанда 80 пайызға орындалған.

"2021 жылдың екінші тоқсанында бағаның серпінді өсуіне байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезеңіне трансформаторлық қосалқы станцияның сметалық құны өзгерді. Газ құбырының бағыты мен жалғау нүктесі де өзгертілді. Осыған байланысты Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне өтініш жолданып, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге келісім алынды. Жобалау ұйымы жобаны түзету жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет комиссиясының қарауына ұсыну үшін құжаттар дайындалды", - делінген хабарламада.

Әкімдік өкілі құжат бекітілгеннен кейін "Мемсараптама" РМК-дан оң қорытынды алып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетінін, осыған байланысты нысанды ашып, пайдалануға беру кейінге шегерілгенін айтты. Болжамды мерзім - 2023 жылдың бірінші тоқсаны.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!