Алматыдағы көлік кептелісін азайтатын жаңа жол желтоқсанда ашылады

Алматыда биыл жыл соңына дейін Сайын көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) жалғайтын жаңа магистральді ашу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Жаңа жол Боралдай кентінен шығатын тұста салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, оның іске қосылуы қаладағы көлік жүктемесін 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында екі бағытта да үш жолақтан салынып, көше жарығы орнатылады. Жолдың жалпы ұзындығы жеті шақырымға жуық. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары Алматы аумағында жүргізіліп жатыр. Белгіленген мерзімге үлгеру үшін құрылысшылар тәулік бойы еңбек етіп жатыр.

Жоба 2027 жылда толық аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен жүргізушілер жаңа жолмен биыл желтоқсанда-ақ жүре алады.

"Бұл жол қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтады. Өйткені қазір айналма автожолға шығатын негізгі бағыттар Жандосов көшесі мен Қапшағай тасжолы арқылы өтеді. Сайын көшесінің жалғасы көлік жүктемесін 15–20 пайызға азайтады деп ойлаймын", – деді Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Айдос Желдікбаев.

Жалпы, Алматыны Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен алты магистраль арқылы жалғау жоспарланған. Олардың қатарында Сайын көшесінен бөлек, Абай және Рысқұлов даңғылдары, Тілендиев пен Ақын Сара көшелері, сондай-ақ, Солтүстік айналма жол бар.

Жаңа жолдар мегаполис пен Алматы облысындағы елді мекендер арасындағы қашықты қысқартып, тұрғындардың жолға кететін уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

"Сайын көшесінен айналма автожолға тікелей шығатын жолдың ашылуы - біз үшін үлкен қуаныш. Айналма жолға қысқа бағытпен жете аламыз. Қазір Алматыда басқа да жаңа жолдар ашылып жатыр. Соның ішінде Абай даңғылы да ұзартылып жатыр. Бұл бағытта да жолға кететін уақыт қысқарса, жақсы болар еді", – деді Алматы тұрғыны Қуатбай Нұратдинов.

Алматыны Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен жалғайтын барлық жолдың құрылысын келесі жылы аяқтау көзделіп отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз