Алматыда алаяқтардың нөмірлерді ауыстыру үшін пайдаланатын жабдығы тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыда "Киберпол" бөлімшесінің қызметкерлері Sim-Box жабдығын пайдалану фактісін анықтады.
"Сәтбаев көшесіндегі офистердің бірінен күдіктіден 3 Sim-Box құрылғысы тәркіленді. Жабдық слоттарынан қазақстандық және ресейлік ұялы байланыс операторларының 80-нен астам SIM-картасы табылды. Sim-Box жабдығын алаяқтар жаппай қоңыраулар шалу, хабарламалар тарату және абоненттік нөмірлерді ауыстыру үшін пайдаланады", - делінген хабарламада.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 213-бабы - абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ведомствоның мәліметінше, кейінгі айда осындай құрал-жабдықта екінші рет анықталып отыр.
Алматы прокуратурасы азаматтарға қырағы болуды ескертті.
"Сізде осындай жабдықты қолдану туралы ақпарат болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Сондай-ақ жеке деректердің құпиялылығын сақтау қажеттігін еске саламыз: кіру кодтарын, парольдерді және банк карталарының деректемелерін бөгде адамдарға бермеңіз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!