Алматыдағы жер сілкінісінің күші неге Астанаға дейін жетті? Министр себебін түсіндірді

Алматыдағы жер сілкінісінің күші неге Астанаға дейін жетті? Министр себебін түсіндірді
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жер сілкінісінің күші неге Астанаға дейін жеткенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист министрге "Алматыда болған жер дүмпуі неге Астанаға дейін жетті? Себебін түсіндіре аласыз ба?" деп сұрақ қойды.

"Сейсмология – үлкен ғылым. Күшті жер сілкінісі болды. (Жер сілкінісінің эпицентрі) Қырғызстан және Қытай шекарасында, 250-260 шақырым жерде орналасқан. Афтершок, жер сілкінісі жойқын болды. Рихтер шкаласы бойынша – шамамен 6,5-7 балл. Тербелес күшті болды. Сондықтан ол орталық Қазақстанда сезілді. (Жер сілкінісінің) толқыны оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталды... Сондықтан біз әлсіз болса да оны сездік", - деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ журналист "Астанада жер сілкінісі болуы мүмкін бе? Астаналықтарға алаңдауға себеп бар ма?" деп сауалын нақтылады.

Ғылым және жоғары білім министрі қауіп жоғын атап өтті.

"Жоқ, Астана Тұран платформасында орналасқан. Ол – өте тұрақты, ескі платформа. Сондықтан бұл жай афтершок болды. Уайымдауға себеп жоқ", - деді ведомство басшысы.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz