Алматыда түнде болған жер сілкінісі тауда орнатылған бейнекамераға түсіп қалған. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті видеоны зерттеп, кадрдағы көріністі түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бір минуттан астам уақытқа созылған бейнежазбалардан қаланы дүр сілкіндірген жер асты дүмпуі көрінеді. Кейбір аймақтарда жарық өшкен.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Ақпарат және коммуникацияларды цифрландыру бөлімінің басшысы Нұрбол Айтбаевтың айтуынша, камера қабырғаға немесе тірекке орнатылғандықтан, түсірілген видео нақты жағдайды көрсетпейді.
"Бұл кәдімгі бейнебақылау камерасы, "үлкейтілген" масштабта түсіреді. Камера ілулі тұрғандықтан қозғалып тұр, сондықтан басқа бейнені көрсетіп тұр. Егер сіз жүгіріп жүрсеңіз, алдыңызда бәрі қозғалады ғой. Техникалық тұрғыдан мұны былай түсіндіруге болады. Видеодан байқасаңыз, жер қалқып жүзіп бара жатқан сияқты. Егер жер шынымен солай қозғалса, онда кейбір ғимараттар жай ғана құлап кетер еді", - деді ол.
Маман жер сілкінісі салдарынан камераның өзі тербеліп тұрғанын, сондықтан жердің қалқып бара жатқандай көрсетіп тұрғанын атап өтті.
"Бұл видеоның жалған немесе рас екенін нақты айту үшін сараптама қажет. Техникалық маман ретінде тек өз тәжірибеме сүйеніп қана айта аламын. Бұл - өз пікірім", - деп түйіндеді Айтпаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз