Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жер сілкінісінен кейін университеттер тексерілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдайдан соң қаладағы кейбір жоғары оқу орындарының қабырғасында жарықшақ пайда болған.
"Қазір біз талдау жүргіздік. Мысалы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Абай атындағы ҚазҰПУ-да және басқа университеттердің тағы бірнеше жатақханада жарықшақ пайда болған. Біз құрылыс басқармаларынан және сейсмика бойынша сарапшыларды арнайы шақырдық. Талдау жүргіздік. Нәтижесінде тірек конструкциясында ешқандай зақым келмегенін анықтадық. Жарықшақ бар. Ол қауіпті деп айта алмаймыз. Жағдай бақылауда", - деді Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Оның айтуынша, жер сілкінісінен университеттерге айтарлықтай шығын келмеген.
"Залал мөлшері аз, (ғимараттарға - еск.) айтарлық зақым келмеген. Бір жерде сылақ түскен, кейбірінде кішкене жарықшақ пайда болған. Сондықтан бұл мәселенің бәрі университеттің күшімен шешіледі", - деді министр.
Еске салайық, Алматыда 5 балл жер сілкінісі болғаны айтылды. Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Алматы әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі бойынша жедел штаб жиналысын өткізіп жатыр. Ал Алматыда тағы да жер сілкінісінің афтершогы қайталану қаупі бар. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
Сондай-ақ, жер сілкінісіне байланысты мектеп оқушылары мен студенттер сабақтан босатылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!