- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы жекеменшік мектептерде...
Алматыдағы жекеменшік мектептерде оқу құны қанша?
Қазір ата-аналардың көпшілігі жұмыс кестесінің уақытына сай балаларын жекеменшік мектепте оқытқанды жөн көреді. Мектептердің бағыты, бағдарламасына сай бағасы да әртүрлі. Massaget.kz тілшісі Алматыдағы жекеменшік мектептердің санын анықтап, бағасына шолу жасады.
Алматы қаласында жалпы 122 жекеменшік мектеп бар. Мұндай мектептердің артықшылығы - білім беру форматынан бөлек шығармашылық үйірмелер, үш мезгіл тамақ және тасымалдау қызметінің болуы.
Жекеменшік мектептерді әркім өз қалтасының қалыңдығына қарай таңдаса болады. Себебі баға да, бағыт та әртүрлі. Мәселен, "Абырой School" мектебі - жекеменшік мектептердің ішінде құны төмен мектептердің бірі. Оқу бағасы 70 мың - 150 мың теңге аралығында. Айырмашылығы уақытында ғана болып отыр. Мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында бір сыныпта 25 балаға дейін оқытылатыны көрсетілген. 3 мезгіл тамақ беріледі. Мектеп Дарабоз ықшам ауданында орналасқан. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүреді.
Ал көпшіліктің аузында жиі айтылатын "TAMOS Education" физика-математика мектебінің бағасы жылына 1 200 000 - 6 200 000 теңгені құрайды. Мектеп 1998 жылы құрылған. Тасымалдау қызметі мен тамақтану бағасы бұл бағаға кірмейді. Оған бөлек 600 000 теңге (тамақ) + 42 000 теңге (тасымалдау) төлейсіз. Мұндағы артықшылық - заманауи халықаралық оқу бағдарламалар форматымен оқытады. Оқушылар орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде білім алады. Лингвистикалық бөлімде француз, испан, қытай тілдері үйретіледі. Сондай-ақ, араб, кәріс және неміс тілдерін үйренуге мүмкіндік бар.
Алматыдағы ең қымбат мектептердің бірі - Haileybury Almaty. Мектеп табиғи парк аумағында, Есентай өзенінің жағасында, Тянь-Шань тауларының етегінде, "Сұңқар" халықаралық шаңғы кешенінің жанында орналасқан. Мұндағы ерекшелік - 4 пен 18 жас аралығындағы балаларды британдық білім беру форматында оқытады. Оқу құны - 6 млн теңгеден бастап 15 млн теңгеге дейін. Мектепке өзге ұлттың балалары да қабылданатыны жазылған. Сабақ ағылшын тілінде өткізіледі.
Ағылшын тілінде ғана білім беретін тағы бір оқу орны - Алматы халықаралық мектебі. Мектеп Қалқаман-2 шағын ауданында орналасқан. Іргесі 1993 жылы қаланған мектептің оқу құнының жылдық төлемақысы - 2 524 500 теңге. Алдын ала 450 000 теңге кіріспе төлем жасау маңызды. Алайда балаларды мектепке тасымалдау қызметі қарастырылмаған.
Аты да, заты да ерекше NGS Жаңа ұрпақ мектебі де жоғарыдағы мектептерден кем қалып тұрған жоқ. Ерменсай ықшам ауданында орналасқан мектептің құны - жылына 4 245 000 теңге. Оқу бағдарламасымен қатар қосымша шығармашылық үйірмелер де қарастырылған. Бес мезгіл тамақтану мен баланы мектепке жеткізу қызметін де пайдалануға болады. Сабақ таңғы 8-де басталып, кешкі 20:00-де аяқталады.
Мұндай мектептердің қатарында 16 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халықаралық "Мирас" мектебі де бар. Оқыту үш тілде жүргізіледі: қазақ, ағылшын және орыс тілі. Сондай-ақ мұнда француз, қытай және т.б. тілдер үйретіледі. Оқу құны 4 млн - 6 млн теңге аралығында.
Жекеменшік мектептердің ішінде тек білім беріп, тіл үйренумен қатар музыкалық білімін де шыңдайтын мектептер бар. Соның бірі - Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі. Ерекшелігі - оқу бағдарламасымен қатар музыкалық білім де беріледі. Алайда ол үшін бөлек ақы төлеу керек. Сондай-ақ, психолог, логопед, балалар дәрігерімен үнемі байланыста болады және оқушының еркін формамен жүруіне рұқсат етілген. Оқудың негізгі құны - жылына 3 млн теңге. Мектепке тасымалдау қызметі үшін арнайы ақы төленеді.
Тек қана ағылшын тілінде сабақ беретін білім беру ұйымдарын атап кеттік. Алайда қазақилықты бала бойына сіңіріп, әрі тілдік бағытын да дамыту - "Zaman" элиталық қазақ мектебінің негізгі мақсаты екен. Оқу қазақ және ағылшын тілдерінде өтеді. Құны - айына 330 000 теңге. Мұнда білім алушылар оқумен қатар әлеуметтік жобамен жұмыс істейді, үйірмелерге қатысады.
Орамалды қыздарға арналған "Айсаф" мектебінің де бағыты өзгеше деп айтар едік. Сайтындағы мәлімет бойынша, мектеп мемлекеттік стандарт бойынша зайырлы білім беру лицензиясына ие болған. Оқу ақысы - жылына 550 мың теңге. Мектеп тек қана қыздарды қабылдайды.
Қазақ және орыс сыныптарының 1-11 сынып оқушыларын қабылдайтын тағы бір мектеп - NURORDA ALMATY мектебі. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ ағылшын тілі тереңдетіліп оқылады. Сондай-ақ, бірнеше үйірмелер қамтылған. Оқу ақысы - 1-4 сыныптар үшін 4 125 000 теңге,
5-9 сыныптар үшін 4 375 000 теңге. Ал тамақтану, мектеп формасы және тасымалдау қызметі үшін арнайы ақы төлеу қажет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы