Алматыдағы жартылай марафон кезіндегі қайғылы оқиға: министр пікір білдірді

Алматыдағы жартылай марафон кезіндегі қайғылы оқиға: министр пікір білдірді
Фото: depositphotos.com

Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам көз жұмды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осы жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алматы қаласында өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қаза табуы – ауыр әрі ерекше назар аударуды қажет ететін жағдай. Қазір оқиға бойынша толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты сарапталады", - деді министр.

Сондай-ақ, ведомство басшысы алдағы уақытта қандай жұмыстар жоспарланып отырғанын айтты.

"Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеміз. Бұқаралық спорт қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуға тиіс. Туризм және спорт министрлігі бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті құрылымдарға жолдайды. Қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын!" - деп жазды желіде Ербол Мырзабосынов.

Еске салайық, 20 сәуірде өткен Almaty Half Marathon кезінде 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды. Екеуі де 21,1 шақырым қашықты жүгіріп өтпек болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget