Алматы қаласындағы жәрмеңкеге 160 млн теңге тұратын 320 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік, деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шауаршылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбай Оспанов.
«Алматы мен Астана қаласын азық түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында осындай жәрмеңке ұйымдастырып тұрамыз. Алматыға биыл екінші рет келіп отырмыз. Таңғы 7-ден сауда басталып кетті. 160 млн. теңгеге 320 тонна ауыл шаруашылығы өнімін алып келдік. Оның 100 тоннасы бау-бақша, 60 тоннасы ет. Өзімізде өсірілетін күрке тауық, Шардараның балығы да бар. Біздің тауарлар нарықтағы бағадан 20-25 пайызға арзан. Одан бөлек, ОҚО-да шығатын аяқ киім, кілем секілді шеберханалардың өнімдерін де алматылықтарға ұсынып отырмыз», - деді Тұрғанбек Оспанов.
Жәрмеңке барысында байқағанымыз, алматылықтардың дені бал мен балыққа қызығушылық танытты. Шардараның балығы «мен мұндалап» тұрды.
«Шардара ауданында 6 млрд текше су жиналатын су қоймасы бар. Шардараның балығы республикада танымал. Бұл жәрмеңкеге 5 тонна балық, 5 тонна күріш әкеліп отырмыз. 5 тонна қауын-қарбызымыз да бар. Негізінен, аудандағы шаруалардың өз өнімін ғана әкелдік, баға да сол ауылдағы бағада, үстінен ақша қостырған жоқпыз. Халық алып жатыр. «Бағасы арзан, жиі келіп тұрыңыздар» деп бір-екі кісі келіп кетті», - дейді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбай.
Жәрмеңкеге келушілердің назарына Шымкентте тігілетін кастюм-шалбар, пластик ойыншықтар мен кілем, тоқыма өнімдері түспей қоймасы анық.
«Алтын адам» ерлер кастюмі мен мектеп оқушыларының киімін ұсынушы компания Түркия тауарларынан кем түспейтін киімдерді шетелдік бағадан 25 пайызға арзан сатып отырғанын жеткізді.
«Матасы Түркия киімдерімен бірдей, 80 пайыз жүн, 20 пайыз вискозадан жасалған мына ер адам кастюмі 45 мың теңге. Бұл базардағы осы ұқсас сапалы тауардан 25 пайызға арзан», - дейді аталған компания сатушысы Айгүл.
Жәрмеңке кешке дейін жалғасады. Сағат түскі 12-нің өзінде келушілер қатары еселене түсті.
Алмас Мұқашұлы
Дереккөз: inform.kz