Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің көмегімен - кісі өлтіру және қарақшылық секілді аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген қазақстандықты экстрадициялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бақылаушы органның мәліметінше, өткен жылдың қазан айында күдікті басқа бір адаммен бірге кәсіпкер танысын кездесуге шақырып, сол жерде оны есінен танғанша соққыға жыққан. Кейін жалпы құны шамамен 40 миллион теңге тұратын мүлкін иемденіп, Алматы қаласынан тыс жерге алып шығып өлтіріп кеткен.
"Күдіктілердің бірі қылмыстан кейін бірден ұсталды, ал екіншісі бой тасалап кеткен. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды. Биылғы қаңтарда күдікті Әзербайжан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл қылмыс түрі үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет