Алматы қалалық соты әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сотталған Александр Пактың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға биыл 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған еді. Жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шыққан Zeekr көлігі Mercedes көлігімен соқтығысып, салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Сараптама қорытындысы бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталған.
Бұған дейін сот оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол өмір бойына көлік тізгіндеу құқығынан айырылып, қаза тапқан қыздың әкесіне 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелген болатын.
Апелляциялық шағымды 20 жастағы марқұм қыздың әкесі беріп, моральдық өтемақы көлемін 10 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды сұрады. Алайда сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырып, шағымды қанағаттандырмады.
Марқұмның әкесі сот шешімімен келіспейтінін айтып, кассациялық тәртіпте шағымдануға ниетті екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін қаза тапқандардың туыстарының бір бөлігі жүргізушіні кешіріп, материалдық және моральдық өтемақы алғанын мәлімдеген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!