Алматы қалалық соты Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты сотталған Александр Пактың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға биыл 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шыққан Zeekr көлігі Mercedes автокөлігімен соқтығысып, салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан.
Сараптама қорытындысы бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пактың жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны анықталған.
Бұған дейін сот оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылып, қаза болған қыздың әкесіне 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелген.
Апелляциялық шағымды 20 жастағы марқұм қыздың әкесі беріп, моральдық өтемақы көлемін 10 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды сұрады. Алайда сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырып, шағымды қанағаттандырмады.
Сот қаулысында моральдық зиян өтемақысының мөлшері жәбірленушінің көрген моральдық зардабы, құқық бұзушылықтың сипаты және әділдік қағидаттары негізінде анықталатыны атап өтілген.
Марқұмның әкесі сот шешімімен келіспейтінін айтып, кассациялық тәртіпте шағымдануға ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол сотталғанның жазаны өтеу мекемесінің түрін де қайта қарауды талап етпек.
Айта кетейік, бұған дейін қаза болғандардың туыстарының бір бөлігі жүргізушіні кешіріп, материалдық және моральдық өтемақы алғандарын мәлімдеген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!