Алматыдағы жантүршігерлік автобус апаты: жүргізушіге арнайы төлем төленуі мүмкін

Алматыдағы жантүршігерлік автобус апаты: жүргізушіге арнайы төлем төленуі мүмкін
Фото: Tengrinews.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматыда болған жантүршігерлік көлік апатынан зардап шеккен жүргізушіге арнайы төлем төленуі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Автобус апаты 22 желтоқсанда болған. №47 автобусының жүргізушісіне ер адам қол көтеріп, әйел есінен танып қалған. Салдарынан автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кеткен. 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алған еді.

Жүргізушіге қол көтерген күдікті қамауға алынды.

Үкіметтің баспасөз орталығында Светлана Жақыпова автобусты тізгіндеген әйелге арнайы төлем төленуі мүмкін екенін жеткізді.

"Егер жүргізушіні жұмыс беруші жазатайым оқиғадан толық сақтандырса, онда сақтандыру компаниялары бұл төлемдерді төлеуі керек", - деді министр.

Сонымен қатар, ол елімізде әйелдер үшін тыйым салынған мамандық тізімін күшіне енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын атап өтті.

"Қазіргі таңда бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Біз шешімдердің жүйелі болғанын қалаймыз. Осы бағытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек", - деді Светлана Жақыпова.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz