Алматыда 22 желтоқсанда жантүршігерлік автобус апаты болған еді. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Massaget.kz тілшісі қалған зардап шеккен адамдар туралы білу мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдады.
Ведомство өкілдері оқиға салдарынан зардап шеккен соңғы адам да ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді.
Ал №7 Алматы қалалық клиникалық аурухана мәліметінше, 2023 жылғы 22 желтоқсаннан бастап стационарда болған барлық 3 науқас қажет емдеу курсынан өтіп, амбулаториялық бақылауға жіберілген. Соңғы "ең ауыр" науқас - 50 жастағы әйел ауруханада 13 күн жатқан. Ол бірнеше күн жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде болды. Ол №7 ҚКА-ға ауыр қосарлас жарақат, бірнеше сынық және травматикалық шок алып түскен. Дәрігерлер әйелдің үйге оралуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған.
"Науқасқа операция жасалды. Хирургиялық ота сәтті орындалды. Операциядан кейінгі кезеңде асқынбады. Оңалту кезеңі ерте жүргізілді, операциядан кейін 7-тәулікте науқас емдік-еңбек ұсынымдарымен үйіне шығарылды", - деді Алматы қаласының №7 ҚКА директоры Манас Рамазанов Massaget.kz-ке жауабында.
Ал бұған дейін №7 ҚКА-ның нейрохирургиялық бөлімшесінде ем алған екі жәбірленуші үйіне шығарылған болатын. Ол - 1987 жылы туған әйел, яғни жол апатына ұшыраған автобустың жүргізушісі, ал екіншісі - 1968 жылы туған ер адам. Барлық зардап шеккен адамға қажет медициналық көмек толық көлемде көрсетілген.
Айта кетейік, автобус апаты 2023 жылғы 22 желтоқсанда Алматыда Қалқаман шағынауданы маңында болды. Автобус аялдаманың жанында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы автобус апатынан үш адам мерт болғаны хабарланған еді. Кейін қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталғаны белгілі болды. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Сонымен қатар, қайғылы оқиғадан қанша адам зардеп шеккені белгілі болды. Жол апаты қалай болғаны бейнебақылау камерасына да түсіп қалған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз