Алматыдағы жаңа метро бекеттерінің құрылысы қазір қай деңгейде екені айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалалық мобильділік басқармасы басшысы Сағындық Телібаев былтыр желтоқсанда қабылданған көлік қаңқасының негізі жылдам қоғамдық көлік - метро, ЛРТ және БРТ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде "Қалқаман" метро бекетінің құрылысы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, содан кейін метроны "Барлық" базарына дейін ұзарту, тағы 3 жаңа бекет салу жоспарланып отыр.
"Биыл Райымбек даңғылы бойынша БРТ-ның бірінші учаскесін салуға және Желтоқсан көшесі бойынша Тимирязев көшесінен Райымбек даңғылына дейін БРТ-ны жалғастыруға кірісеміз. Сондай-ақ, Төле би көшесі бойынша ЛРТ құрылысына техникалық экономикалық негіздеме әзірлеп жатырмыз. Бұл жобаларды іске асыру қоғамдық көлікті дамытуға оң әсер етеді, қала тұрғындары үшін қозғалыс ыңғайлы болады", - деді Сағындық Телібаев.
Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының Метрополитенімен бірлесіп, жаңа бекеттердің құрылысы туралы эксклюзив материал дайындады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!