- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы жаңа, ерекше...
Алматыдағы жаңа, ерекше жолақ нені білдіреді?
Алматы көшелерінің бірінде жаңа жолақ пайда болды. Бұл қала тұрғындарын таңғалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшіс.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Тілендиев көшесі бойымен Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін жолақтар сызылып жатыр.
"Тәжірибе ретінде бұл учаскеде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдындағы жол апатын болдырмау үшін зигзаг таңбасы қолданылды. Бұл жолақ ҚР Жол қозғалысы ережелерінде көрсетілмеген. Ол көлік жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткеліне жақындап келе жатқанын білдіру үшін қолданылады. Сонымен қатар, мұндай сары жолақ бұл учаскеде басып озуға, кері жүруге, осы аймақта қайта бұрылуға болмайтыны туралы қосымша дабыл ретінде қызмет етеді. Көрсетілген эксперимент оң нәтиже берген жағдайда реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері ауданында зигзаг таңбасын қолдану бойынша жұмыстар жалғастырылады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік өкілдері жүргізушілердің бәрі дерлік жолаққа назар аудара бермейтінін, салдарынан жол апаты болатынын жеткізді.
Айта кетейік, ең танымал зигзаг таңбасы 1970 жылдардан бастап алдымен Ұлыбританияда, содан кейін басқа елдерде қолданыла бастады. Жолдардағы ерекше жолақтар басқа жол белгілеріне қарағанда тиімді болып шыққан. Өйткені ол жаяу жүргіншілер мен көлік иелерінің қауіпсіздігін арттыруға көмектесті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова