Алматыдағы емхананың бас бухгалтері бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы соттарының мәліметінше, қаржылық мүддесі үшін бірнеше рет бөтен мүлікті ұрлауға бағытталған қасақана қылмыс, алдын ала келісім бойынша, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бір топ адамдарды сот алдында жауапқа тартуға алып келді.
Алматы қаласы №30 қалалық емханасының бас бухгалтері Х. пен поликлиниканың есепшісі Т-ға қатысты, бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармақ) туралы қылмыстық іс Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында қаралды.
Сот отырысы барысында бас бухгалтер мен есепшінің, жеке заңсыз табыс табу мүддесінде, 2019 жылдың маусымнан 2023 жылдың қараша айына дейін жұмыс істемейтін адамдардың карточка шоттарына жалақы мен үстемелерді есептеп ақша аударғаны анықталды.
Құқықбұзушылық схемасы нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы – 340 387 113 теңге материалдық зиян келтірілді. Сотта сотталушылар өздерінің кінәсін толық мойындады.
Прокурор сотталушыларға 8 және 7,6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сотталушылардың жасаған қылмысы үшін өкініш білдіруі және бұрын сотталмауы сияқты жеңілдететін жағдайлар ескерілді.
Соттың үкімі:
Х. кінәлі деп танылды және оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 5 жылға материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Т. кінәлі деп танылды және оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 5 жылға материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!