Алматы әкімдігі қаладағы дизель отынының жетіспеушілігіне байланысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бастып себеп - Шымкенттегі зауыт жұмысын уақытша тоқтатуы. Сондай-ақ, Алматы облысының тұрғындары мен транзиттік көлік иелері тарапынан дизель отынына сұраныс күрт артқан. Тұтыну мөлшері бірден 30-35 пайызға ұлғайыпты. Бұл резервуарлардың уақтылы толмауына алып келді. Жанармай құю станцияларының бірқатары дизель отынын талон арқылы сатуға көшкен. Әкімдік қызметкері автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отынының шекті мөлшерде берілетінін айтты.
Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мәліметінше, қазір қала бойынша ірі деген жанармай құю станциялары мен мұнай базаларында 9 мың тоннаға жуық дизель отыны бар. 4-5 күнде тағы 5 мың тонна жеткізіледі.
"15 наурыздан бастап шымкенттік зауыт күрделі жұмыстар жүргізуге жабылды. Бұл жабылу бойынша аздап дефицит болып тұр. Соны реттеу үшін басқарма ретінде, әкімдік ретінде ҚТЖ-мен бірлесіп, қазіргі таңда Атырау және Павлодар зауыттарынан дизель отынын тез Алматыға жеделдету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.
Мамандардың айтуынша, дизель отыны бойынша жағдай сәуірдің онынан кейін тұрақтала бастайды. Сол уақытта Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!