Алматыда полиция бір отбасы қаза тапқан лай көшкініне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.
"Адам өлімі және бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру фактілері бойынша Медеу аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы полиция бөлімі басшылығының бақылауында", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, 8 ақпанда сағат 02:20-да Медеу ауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануынан лай көшкіні болды. Төтенше жағдай салдарынан үйлерге зақым келді. Көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.
Кейінірек Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барып, шұғыл түрде көшпелі кеңес өткізді.
Ал төтенше жағдайлар департаменті өкілі тұрғын үйлердің бірінің астында төрт адам қалуы мүмкін екенін, оның екеуі бала, екеуі ересек адам екенін мәлімдеп, құтқару жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Кейін төрт адам да қаза тапқаны белгілі болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз