Алматыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары 13 еседен астам артты

2026 жылы шілдедегі жағдай бойынша Алматының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 10,8 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Орталықтың жұмысы, бағдарламалары мен аға буын өкілдеріне арналған жаңа мүмкіндіктер туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте орталық директоры Сәуле Бекетаева айтып берді. 

Орталықтың мәліметінше, 2022 жылы мұнда 833 адам тіркелсе, 2026 жылы шілдеде олардың саны 10 806 адамға жеткен. Бүгінде орталықтың төрт бөлімшесі жұмыс істейді. Олар орталық бөлімшеде, Медеу және Бостандық аудандарында, сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында орналасқан. Қала әкімдігі дерегінше, күн сайын мұнда орта есеппен 700-800 адам келеді.

"Белсенді ұзақ өмір сүрудің басты мақсаты – аға буын өкілдерінің жасы ұлғайған шақта да денсаулығын күтіп, өздігінен еркін әрі белсенді өмір сүруіне жағдай жасау. Орталығымыздың жұмысы да осы мақсатқа бағытталған", – деді Сәуле Бекетаева.

Орталықта медициналық-сауықтыру, психологиялық, білім беру, мәдени, спорттық, еңбек терапиясы, құқықтық және әлеуметтік бағыттар бойынша 70-тен астам қызмет түрі көрсетіледі.

Зейнеткерлер емдік дене шынықтыру, йога, айкуне, цигун, скандинавиялық жүріс, би, хор, қолөнер, компьютерлік сауаттылық және шет тілдері сабақтарына қатыса алады. Сондай-ақ психолог пен дәрігердің кеңесін алуға мүмкіндік бар. Алматыда тіркелген зейнеткерлер үшін барлық қызмет тегін көрсетіледі.

Сұраныс артып келе жатқан бағыттардың бірі "Күміс университеттер" білім беру бағдарламасы. Еліміздің жетекші бес жоғары оқу орнымен бірлесіп жүзеге асырылатын бағдарлама аясында зейнеткерлер шет тілдерін, цифрлық сауаттылықты, жасанды интеллектіні, мобилография мен киберқауіпсіздікті меңгереді. Алматы әкімдігі мәліметінше, бағдарламаға қатысушылар саны 2025 жылғы 651 адамнан 2026 жылы 3 885 адамға дейін өскен.

Білім беру бағдарламаларымен қатар, орталықта "Агрокраудсорсинг" және "Алматы әжелері" жобалары, есте сақтау қабілетін дамыту, цифрлық және қаржылық сауаттылықты арттыру, онлайн мемлекеттік қызметтерді пайдалану сабақтары, шығармашылық үйірмелер мен салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылады.

Тағы бір маңызды бағыт – "күміс еріктілік". Соңғы екі жылда белсенді зейнеткерлер өздері қолөнер үйірмелерін, гитарада ойнау сабақтарын және вокалдық кездесулер ұйымдастырып келеді. Қазір 15 ерікті түрлі қызығушылық клубтарын жүргізеді. Оларға мыңнан астам адам қатысады. Осылайша, орталыққа келушілер қызмет алушы ғана емес, тәлімгер, ұйымдастырушы және ерікті ретінде де белсенділік танытып жүр.

"Алматы әжелері" жобасы да ерекше сұранысқа ие. Оның қатысушылары Қазақстанды жеті елде таныстырып, түрлі көрмелер мен халықаралық фестивальдерге қатысты. Олар шетелдік көрермендерге қазақ мәдениетін, ұлттық киімдеріміз бен салт-дәстүрімізді таныстырды.

Суреттер: Алматы әкімдігі

Орталықтағы шығармашылық жұмыстар да түрлі деңгейде жалғасып келеді. Қатысушылардың туындылары қалалық, республикалық және халықаралық көрмелерге қойылады. Би ұжымдары мен аспаптық ансамбльдер құрылған. Ал екі театр қойылымдарын қала сахналарында ұсынып жүр. Олардың қатарында "Алжир", "Соғыстың соңғы әні", "Әже" және басқа да спектакльдер бар.

"Белсенді өмір сүру үшін денсаулыққа көңіл бөлумен қатар, адамдармен араласу, білім алу, шығармашылықпен айналысу және қоғамға қажет екеніңді сезіну де маңызды. Аға буынның белсенді өмір сүруіне жағдай жасау арқылы біз адамдарды қолдап қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты да нығайтамыз", – деді Сәуле Бекетаева.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы аға буын өкілдерінің уақытын пайдалы өткізіп қана қоймай, жаңа нәрсе үйренуіне, қабілетін дамытуына, адамдармен араласуына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріп келеді.

Алматы әкімдігі ұсынған материал