- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы саябақ
Алматыдағы Баум тоғайы қашан жаңартылады?
Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Баум тоғайын абаттандыру жұмыстары қашан басталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімнің сөзінше, жаңарту жобасы әзірленген, желтоқсанда сараптама қорытындысы шығады.
"Келесі жылы тоғайды ретке келтіре бастаймыз. Онда жарықтандыру, бейнекамералар және ыңғайлы жолдар пайда болады, яғни тоғайда жүру қауіпсіз әрі жайлы болады. Жұмысты келесі жылы күзде аяқтауға тырысамыз", - деді қала басшысы.
Айта кетейік, жоба аясында тоғайдың жасыл қорын қалпына келтіру және оның өсімдік түрлерінің санын көбейту көзделген.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындарының Баум тоғайына қатысты шағымын жариялаған едік.
Анықтама: Баум тоғайының тарихы ертеден басталады, 1854 жылдан бастау алады. Тұрғындар сол кезде қала шетіндегі мемлекеттік тоғайдан тегін көшет алып отырғызған.
Баум тоғайы республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи ескерткіш саналады. Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысына сәйкес республикалық меншіктен "Іле Алатау МҰТП" РММ балансынан Алматы қаласының коммуналдық меншігіне Баум тоғайы табиғи паркін қабылдау туралы шешім қабылданды. 2018 жылғы 20 ақпандағы қаулыға сәйкес 2017 жылғы қаулыға өзгерістер енгізілді, онда Баум тоғайы мемлекеттік табиғи ескерткішін республикалық меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданды.
Ал Алматы қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы қаулыларына сәйкес "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне берілді. Тоғай аумағының жалпы ауданы - 137,7 гектар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова