11-14 желтоқсан аралығында Алматыда "Бастау" студенттік және дебюттік фильмдерінің XII халықаралық кинофестивалі өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кинофестивальдің салтанатты ашылуы 11 желтоқсанда "Арман" кино орталығында өтеді. Іс-шараны дәстүрлі түрде Алматы әкімдігінің қолдауымен Tanaris Production және A Team кинокомпаниялары ұйымдастырады.
Фестивальді "Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда" деректі фильмі ашады. Туынды - қоюшы режиссер Алина Мұстафинаның дебюттік толықметражды жобасы. Таспаның әлемдік премьерасы қазан айында Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті.
"Биыл "Бастау" үлкен қаржылық салымсыз, фестивальдің серіктестерінің ынта-жігерінің арқасында өткізіледі. Осы үшін оларға үлкен алғыс. Бірақ біз бағдарламаны әлемнің 28 елінде түсірілген фильмдер қатысатындай қызық етіп жасауға тырыстық. Бұл - жыл сайын жалғасатын кино мерекесі", - деді кинофестиваль президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Әзімов.
BASTAU SHORTS халықаралық байқау бағдарламасында әлемнің түкпір-түкпірінен қысқаметражды ойын, деректі және анимациялық дебюттік фильмдер ұсынылады. Қатысу үшін Түркия, Иран, Гонконг, Италия, Сербия, Нидерланды, Мексика және Польша сияқты елдерден 500-ге жуық өтінім түсті. Іріктеу комиссиясы олардың ішінен "Тұран" университетінде көрсетілетін 43 фильмді таңдап алды. Байқаудың барлық көрсетіліміне кіру тегін.
Байқаудан тыс фестиваль аясында режиссер Елзат Ескендірдің "Әбіл" толықметражды фильмінің премьерасы өтеді. Туындыда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қазақ ауылдарын шарпыған аласапыран туралы баяндалады.
12-ші "Бастау" үздік фильмдерін режиссер, Ресей кинематографистер одағының және Өзбекстан кино қайраткерлері одағының мүшесі Рашид Маликовтың төрағалығымен Халықаралық қазылар алқасы айқындайды. Қазылар алқасының құрамына ресейлік кинооператор Борис Литовченко, қырғызстандық режиссер, сценарист және продюсер Дальмира Тілепберген, қазақстандық киносыншы Ораз Керейбаев және отандық режиссер Олжас Баялбаев кірді.
Сондай-ақ фестиваль аясында жас режиссерлерге арналған Almaty Film Lab шеберханасы екінші рет қысқаметражды ойын және деректі дебюттік фильмдер жобаларымен өтеді. Ал 14 желтоқсанда AlmaU-дағы Atrium Grand Hall-да өтетін кинофестивальдің жабылуында былтырғы Almaty Film Lab питчингінің жеңімпаздарының үш қысқаметражды жұмысы көрсетіледі. Бұл - Жәмил Сахари мен Яна Бушминаның "Жолаушылар" ойын картиналары, сондай-ақ режиссер Фариза Танайдың "Әдемі" деректі лентасы.
"Бұл менің алғашқы түсірілімім, пиротехникамен алғашқы жұмысым болды. Қаржыландыру үшін "Бастау" кинофестиваліне үлкен рақмет. Бізге дебютант ретінде үлкен шыдамдылық пен түсіністікпен қарады. Нәтижесінде бәрі мен ойлағаннан әлдеқайда жақсы өтті. Фестивальдің арқасында өзімнің шығармашылық продюсеріммен және жобаны басқарған Диана Әлімовамен таныстым. Енді біз картинаның фестивальдағы тағдырымен бірге айналысамыз деп үміттенемін", - дейді дебютант Яна Бушмина.
Оның "Аң" деп аталатын жобасы түнде қасқырға айналатын жетім баланың тарихын баяндайды.
Түсірілім Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарында өтті.
Сонымен қатар фестиваль қонақтарын киноның жетекші мамандарының шеберлік сабақтары күтіп тұр, олар фестивальдің негізін қалаушылардың бірі - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қабырғасында өтеді. Сондай-ақ бағдарламада халықаралық кинематографистердің қатысуымен дөңгелек үстел жоспарланған.
Суреттерді фестивальдің баспасөз қызметі ұсынды
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз