Алматыда әйгілі барахолканың саудагерлері бүгін бас көтеріп, павильондардың сыртындағы жабайы саудаға қарсы шықты. Олар адам жүретін жолдан бастап, көлік тұрағына дейін, тіпті жер асты өткелі мен көпірді де жайлап, жабайы сауданы қыздырып жатқандарды кууды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ал оларға бос жердің барлығын басып алып, емін-еркін сауда жасауына кім рұқсат берді? Әкімдік пен полиция бұл жағдайға неге көз жұма қарап отыр? Павильон сыртында, автотұрақтың жартысын басып алғандарға "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа табылмай тұр. Барахолқа маңындағы "Алатау" сауда орталығының кәсіпкерлері таң атысымен тайлы-тұяғы қалмастан жиналды. Қыруар салық төлеп кәсібін заңды жүргізіп жатқан саудагерлер базар сыртындағы жабайы сауданы тоқтатуды талап етіп отыр.
Қалия Қайсарова, "Алатау" сауда орталығының сатушысы: — Көлік қоятын жер жоқ. Бір сауда үйінің алдында осындай жабайы сауданы көрдіңіз бе? Тап осы "Алатаудың" алдында ғана жабайы сауда. Салық төлемейді, біреулерге ақша төлейді, жалға қанша төлеп отырғанын білмеймін. Білетінім, ақшаның бәрі әкімдікке кетіп жатыр.
Кәсіпкер Бақыт Жанасбаева да жайма базардағылармен алысып шаршағанын айтады. Солардың кесірінен келушілерім азайып, сауда тоқтап тұр дейді келіншек. Айына 50 мыңнан астам қаржыны орынды жалға алу үшін төлейді екен.
Бақыт Жанасбаева, "Алатау" сауда орталығының сатушысы: — Қаңтар айынан бері қарай біз текке отырмыз. Үш жыл текке отырмыз. "Бізден алыңыздар", "біздікін алыңыздар", "ішінде бәрі қымбат, кірмеңіздер" деп, бізге қарсы қояды. Сондықтан біздің саудамыз жүрмейді. Біздің жұмысшылардың машинасын бұлардың арбалары сырып кетеді. Біздің клиенттеріміз мына жерге көлігін қоюы керек. Олар қоя алмай жүр.
Жабайы саудадан шаршаған кәсіпкерлер әкімдіктен тексеріс шарасын қатаңдатуды сұрап отыр. Әлбетте, тәртіп, талап, тазалық дегеннен бұрын, бәселекестік бірінші орында . Жайма базар қанат жайғалы сауда нысанының ішінде тұратындардың табысы да азайған. Жол жиегін жағалай отырып заңсыз нәпақа табуып жүргендердің кесірінен көлік тұрағында да абыр-сабыр көп дейді Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен алыпсатарлар жерасты өткелі, көпір мен жолдың жиегін де жайлап алған. Телеарнаның түсіріп жүргенін көріп, арасында ашуға да булыққаны бар. Алғашында камераға сөйлемейміз деп, кейіннен сұхбатқа келіскендей болған.
Күлшира Темірәлиева: Ешкім тексермейді, өзіміз тұрып алғанбыз, не қылса, о қылсын, ешқайда кетпейміз, біз осы жерде өлгенше отырамыз.
Алмагүл Құрманбаева Біз ішіне кіре алмаймыз, ақша да жоқ. Ешкімге салық төлемейміз. Өзіміз тұрып алғанбыз . Ешкімге ақша төлемейміз. Десе де сырттағы орындар санитарлық талапқа сай емес. Қоғамдық бақылау және мониторинг бірлестігі де жабайы сауданың "жыры көп" деді. Біраз норма сақталмапты. Алыпсатарлардан кейін көшеде, әсіресе қоқыс қаптайды екен.
Саида Тәукелева, ҚР "Қоғамдық бақылау және мониторинг" Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы: — Қоғамдық бақылауға қала тұрғынынан шағым келіп түсті. Ол осы "Алатау" базарының аумағында қуырылған бәліш пен хот-догты сатып алып, содан уланған. Біріншіден, бұл жерде мүлде санитарлық-эпидемиологиялық стандарттар сақталмаған. Жолдар бұзылған. Әжетханасы жоқ. Бір ғана шлагбаум жұмыс істейді, төтенше жағдай болса, көліктер сапырылайын деп тұр.
Дегенмен алыпсатарлармен кәсіпкерлер ғана емес, сауда орталығының басшылары да күресіп әлек екен. Бірақ алқам-салқам болған көлік тұрағы базар әкімішілігіне қарамайды деді.
Гаухар Жамаубаева, "Алатау" сауда орталығының құқықтық жұмыс жөніндегі директоры: — Бұл ақылы автотұрақ біздің базарға жатпайды. Бұған "Алан паркинг" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауап береді. Саудагерлердің сыртта тұрып сатқан тауардың сапасына да біз жауап бермейміз.
Сонымен бұл орындарға нақты кімнің жауап беретіні сол күйі жұмбақ. Қала әкімдігінен де жауап жоқ. Алдағы уақытта жайма базардың жабылуы екіталай.