Алматыдағы балалар үйіне қатысты дау: балалар Қонаевқа көшіріледі

Алматы облысы Білім басқармасы № 1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіруге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін не болды?

2025 жылы наурызда №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанына шағымданды. Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды.

Кейінірек Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескен болатын.

"Біздің мақсатымыз - балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады", - деді бұған дейін өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Алайда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде Алматы облысы Білім басқармасының 2025 жылғы 10 шілдедегі "Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдаудың облыстық орталығы" КММ-нің орналасқан жерін өзгерту туралы" бұйрығын жариялады.

Алматы облысы әкімдігі не дейді?

Ведомство мәліметінше, расында да, мекеме көше бастаған, себебі мекеме орналасқан ғимарат апат жағдайында тұр.

"1963 жылы салынған ғимарат одан әрі пайдалануға жарамсыз деп танылды. 2024 жылы "Астанақұрылыссервис" ЖШС жүргізген техникалық тексеріс нәтижелері бойынша тірек құрылымдарда сызаттар анықталды, ал инженерлік желілер, соның ішінде жылыту және сумен жабдықтау жүйелері толық тозған, қалпына келтіруге жарамайды. Нысан санитариялық, өртке қарсы және құрылыс талаптарына сәйкес келмейді", - деп жазылған хабарламада.

Биліктің мәліметінше, Алматы облысы әкімінің 9 шілдедегі қаулысы мен Білім басқармасының 10 шілдедегі бұйрығы негізінде тәрбиеленушілерді жеке инвесторлар есебінен салынған және мемлекетке сыйға берілген 180 орындық жаңа балалар үйіне кезең-кезеңімен көшіру бойынша жұмыс басталған. Ғимарат балалар мекемелеріне қойылатын заманауи стандарттар мен талаптарға толық сай екені айтылды.

Бірінші кезекте 44 бала, яғни 1-4-сынып оқушылары көшіріледі. Ересек тәрбиеленушілер кезең-кезеңімен көшіріледі. Бүгінде мекемеде 171 бала тәрбиеленіп жатыр, оның 125-і - жетім балалар, 46-сы - қиын жағдайға тап болған балалар. Штатта 85 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 42-сі - педагогикалық қызметкерлер.

Суреттер: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Билік бұл қадам балалардың құқығын шектемейтінін мәлімдеді. Барлық балаға тұрғылықты жеріне қарамастан тегін медициналық көмек көрсетіледі, тұрғын үй кезегіне тұру құқығы сақталады.

Әкімдік өкілдері мекеме орналасқан аумақта батпақты жер бар деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін де мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!