- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы балабақшалардың бірінде...
Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы қатты жұлқылап, басынан ұрған
Алматыда бүлдіршіннің еркелігін көтере алмаған тәрбиеші баланы соққыға жықты, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, оқиға Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған кадр балабақшаның бейнебақылау камерасынан алынған. Онда тәрбиешінің бүлдіршінді басынан шапалақпен ұрып жібергені анық көрініп тұр. Балабақша меңгерушісінің айтуынша, тиісті шара қолданылды. 6 жасар баланы ұрған адам жұмысқа тәрбиешінің көмекшесі болып орналасқан екен.
"Бап бойынша жұмыстан шығардық. Енді әкімшілік тергеу жүріп жатыр. Ата-аналардың сұрақтарына жауап бердік", - деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Эльмира Исабекова.
Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, оқиғаға дейін барлық топ ас ішуге кеткен. Сол сәтте қол жууға барған 6 жасар баланы тәрбиешінің көмекшісі ертіп әкелуі керек болған. Алайда бүлдіршіннің соққы алуына еркелікке салынғаны себеп болыпты.
"Жағдайды түсіндіргеннен кейін анасы "Мен жедел жәрдем, полиция шақырам" дегенде біз қарсылық келтірген жоқпыз. Полиция келді. Жедел жәрдем келген соң тексеру жүргізді. Бала жарақат алмаған, басына зақым келмеген", - деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Эльмира Исабекова.
Ал әлеуметтік желідегі жазба авторы ұлының шошып қалғанын және әлі күнге дейін өзін жайсыз сезінетінін жазған. Анасының айтуынша, балабақша қызметкерінің бұл әрекеті өзге ата-ананың да ызасын келтіріп отыр.
Г. Досымшалова