Алматыда балабақша тәрбиешісі балаға қатігездік танытты деп айыпталды. Баланың ата-анасының айтуынша, тәрбиеші баланы тартып қалып, соның салдарынан ол құлап, маңдайын жарақаттап алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде оқиғаның видеосы жарияланды. Кадрда тәрбиеші мен балалар көрінеді. Балабақша қызметкері бір баланы киіндіріп, кейін екіншісін алады, бала тізерлеп отырып қалады, тәрбиеші оны көтеруге тырысқанда ол қайта құлайды. Кейін әйел баланы құшақтап көтеріп жатқаны байқалады.
Кішкентай қыз маңдайынан жарақат алып, оған тігіс салынған. Қазір бұл жағдайды полиция мен Алматы білім басқармасы тексеріп жатыр.
Полиция департаменті мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Нақты мән-жайы анықталып жатыр, содан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", – деді ведомство өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова