Алматыдағы автобуста күтпеген жайт болды: әкесімен отырған бала оңбай жарақаттанған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне баланың анасы Карина Аль-Кассас айтып берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 2 қазанда кешкі уақытта № 37 автобуста болған.
"Төле би - Розыбакиев көшелерінің қиылысында күйеуім балалармен № 37 автобуспен келе жатқан. Сағат 17.50 шамасында Төле би - Абдуллиндер қиылысында автобус кенет тоқтап, балам басын қатты ұрып алған. Салдарынан балам қатты жарақат алды. Соққы қатты болғаны соншалық, қан-жоса болып кеткен", - дейді алматылық әйел.
Оның сөзінше, жүргізуші бұл жайтқа мән бермей, жүре берген.
"Күйеуім автобусты тоқтатуын сұраған кезде жүргізуші тоқтады. Күйеуім балалармен түсіп қалған, автобус жүріп кеткен. Қасындағы адамдар жедел жәрдем шақырып, көмектескен. Артынша, Манас көшесіндегі балалар ауруханасына барған. Өкінішке қарай, күйеуім автобус нөмірін байқамаған", - дейді әйел адам.
Алматы полициясы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Бұл дерек әкімшілік тәжірибе өндірісінде. Автобус жүргізушісі анықталды, ол - 1990 жылы туған К. есімді ер адам. Жүргізушіге қатысты 2 әкімшілік хаттама толтырылды. Одан бөлек, балаға келтірілген зиянды анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Алматының Медеу аудандық Полиция басқармасының өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!