Алматыдағы автобуста балағат сөздер айтқан ер адам қамауға алынды

Алматылық автобустардың бірінде әдепсіз сөздер айтқан ер адам 10 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде автобустардың бірінде отырған жолаушы өзін агрессивті ұстап, жүргізуші мен жолаушыларға балағат сөздер айтқан видео тарады.

Алматы соты қоғамдық тәртіпті бұзушының өз кінәсін мойындағанын хабарлады. Ол сол сәтте мас болған. Ер адам әкімшілік құқықбұзушылық - ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамауға алынды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, қыркүйекте Алматыда жолаушы автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған еді. Желіде оқиғаның видеосы тарап кетті.

Кадрларда күдікті кабинадағы әйнекті сындырғаны байқалады. Оқиға №120А автобусында болған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!