Алматыдағы автобус апатынан 3 адам мерт болды. Оқиға салдарынан 7 адам зардап шеккен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
"Жол апаты салдарынан 7 адам зардап шекті. Үшеуі жедел медициналық көмек келгенге дейін қаза болды. 3 ересек адам №7 Қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды, олардың басы жарақаттанған, миы шайқалған, бір науқастың сол жақ жамбас сынған. Төртінші жәбірленуші, 15 жастағы бала №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылды, оның сол аяғы сынған. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек, оның ішінде психологиялық көмек көрсетіледі", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы автобус апатынан 3 адам мерт болғаны хабарланған еді.
Алматы полиция департаменті мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18:15-те №47 бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы көлікті басқарған әйел жүргізушіні ұрған, жанжал салдарынан жүргізуші есінен танып қалған.
Салдарнан автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан.
Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!