Алматының Әуезов ауданында "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында тағы бір қоғамдық орын абаттандырылды. №11 шағынаудандағы №10 және №14Б тұрғын үйлерінің арасындағы сквер жаңартылып, тұрғындардың демалысы мен белсенді уақыт өткізуіне арналған орынға айналды, деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.
Жаңартылған сквердің жалпы аумағы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыру кезінде аумақты тиімді пайдалану, оның қолжетімділігін арттыру және әртүрлі жастағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескеру мәселелеріне басымдық берілген. Соның нәтижесінде бұрынғы сквердің орнына бірнеше функционалдық аймағы бар қоғамдық орын қалыптасты.
Әкімдік хабарлағандай, абаттандыру жұмыстары барысында балаларға арналған ойын алаңы жабдықталып, ашық аспан астында жаттығуға мүмкіндік беретін спорт аймағы жасалды. Сонымен қатар тұрғындардың тынығуына арналған орындар мен әткеншек үлгісіндегі орындықтар орнатылды.
Бұл шешім аумақты балалардың ойынына ғана емес, ересектердің серуендеуіне және спортпен шұғылдануына да мүмкіндік береді.
Көгалдандыру жұмыстарына баса назар аударылған. Сквер аумағының шамамен 2 мың шаршы метріне көгал төселіп, сәндік ағаштар мен бұталар егілді. Жасыл желек аумақтың сыртқы келбетін жақсартып, тұрғын үйлер арасындағы кеңістікті көріктендіре түсті.
Сквердің қауіпсіздігіне де назар аударылған. Бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Бұл кешкі уақытта аумақты жарық етіп, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасайды. Бейнебақылау жүйесі қоғамдық тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында балалар алаңы, спортпен айналысуға арналған орын және тынығу аймақтарының бір жерде орналасуы сквер көркін аша түсті. Енді жақын маңдағы тұрғындар бос уақытын өткізу үшін ауданның басқа бөліктеріне бармай-ақ, үйіне жақын жерде демалып, демалысын қызықты өткізе алады.
Бағдарлама тұрғындардың өздері тұратын аумақты дамытуға қатысты ұсыныстарын тікелей білдіруіне және маңызды бастамаларды таңдауға қатысуына мүмкіндік береді. Оның аясында азаматтар аулаларды абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын салу, қоғамдық орындарды жаңарту секілді жобаларды ұсына алады. Ұсынылған бастамалар дауыс беру арқылы іріктеліп, қолдау тапқан жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Мұндай тәсіл аудан инфрақұрылымын дамыту кезінде тұрғындардың нақты сұранысын ескеруге жол ашады. Сонымен қатар азаматтардың өздері тұратын ортаны жақсартуға атсалысуына мүмкіндік береді. Әуезов ауданында биыл іске асырылған 29 жоба да бағдарламаның жергілікті деңгейдегі абаттандыру жұмыстарына қосқан үлесін көрсетеді.
Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал