Алматының Түрксіб ауданындағы Әуежай көлінің айналасын көркейту жоспарланып отыр. Жоба аясында жағалауды абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жарықтандыру жүйесін орнату және тұрғындарға арналған демалыс орындарын жасау көзделген, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.
"Желтоқсан" саябағында аудан әкімдігі мен қала құрылысы саласының мамандары жергілікті тұрғындармен кездесіп, "Шығыс шығанағы" деп те аталатын Әуежай көлі аумағын дамыту жоспарын таныстырды.
Жиында қала құрылысы саласының маманы Амангелді Саттаров жобаның көрнекі материалдарын көрсетіп, көл маңындағы аумақты қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық орынға айналдыруға бағытталған негізгі ұсыныстарды түсіндірді.
Қауіпсіздікке ерекше назар аударылады
Қазіргі уақытта көл жағасында жаяу жүргіншілерге арналған қолайлы жолдар мен өткелдер жоқ. Аумақ толық жарықтандырылмаған, ал кей тұстардағы жардың биіктігі жеті метрге дейін жетеді.
"Шығыс шығанағының бас жоспарын қарастырғанда, көркейтуді қажет ететін табиғи жер бедерін көруге болады. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы өткелдер жоқ, жарықтандыру қарастырылмаған. Сонымен қатар кей жерлердегі жардың биіктігі жеті метрге дейін жетеді. Бұл маңайда ойнап жүрген балалар мен егде жастағы адамдар үшін қауіпті", – деді Амангелді Саттаров.
Осыған байланысты жобаға қауіпсіз жаяу жүргіншілер бағыттарын жасау, жарықтандыру жүйесін орнату және демалыс аймақтарын ұйымдастыру ұсыныстары енгізілген.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Әуежай көлінің маңы серуендеуге, отбасымен демалуға және түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізуге арналған жаңа алаңға айналады.
Кездесу соңында тұрғындар ұсынылған жоспармен танысып, аумақты дамытуға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал
О. Сансызбай