Алматыдағы ақылы тұрақтағы ақша жымқыру ісі: Мұрат Боранбаев әлі табылмаған

Алматыдағы ақылы тұрақтағы ақша жымқыру ісі: Мұрат Боранбаев әлі табылмаған
Фото: qamqor.gov.kz

Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг өкілдері Мұрат Боранбаевты іздеу жұмыстары туралы айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, танымал кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың інісі Мұрат Боранбаев Алматыдағы "А-паркинг" ақылы тұрақтары бойынша істе күдікті ретінде танылған. Тергеу басталған жылы Боранбаевқа іздеу жарияланды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, іс әлі тергеуде. 

"Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде жатыр, ол бойынша 19.01.2023 жылы күдіктіні іздестіруге байланысты сотқа дейінгі іс жүргізу мерзімін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады Бас прокуратура өкілдері. 

Ал Қаржылық мониторинг агенттігі Мұрат Боранбаевқа халықаралық іздеу жарияланғанын растады. 

"Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр және Мұрат Боранбаевқа халықаралық іздеу жарияланды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Олар егер бұл тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзумен байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қажет деп танылатын көлемде ғана жария етілуі мүмкін", – деп хабарлады ҚМА өкілдері. 

Еске салайық, кәсіпкер Мұрат Боранбаевқа 2022 жылдың шілдесінде іздеу жарияланған болатын. 54 жастағы Боранбаев Алматыдағы ақылы тұрақтарға қатысты ақша жымқыру ісінде "ең басты күдікті" деп танылған. 

Мұрат Боранбаев кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың інісі. 

Алматыда ақылы тұрақтар 2016 жылы іске қосылды. Ал 2022 жылдың сәуірінде ақылы тұрақтар Алматының коммуналдық меншігіне берілді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина