- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдағы «Ақылды аялдама»...
Алматыдағы «Ақылды аялдама» жайлы не білесіз?
«ЕcoStation» жобасының негізінде дүниеге келген ақылды аялдамалар Алматы жолаушыларына барынша тиімді жағдай жасауда.
«Ақылды» сөзі ертеректе тек адамның ғана еншісіне тиесілі ұғым еді. Ептілігінің арқасында жұмыс істеп, ойлау өрісін кеңейте алған сол адамның ақылы асқақтаған сайын жаны жоқ жасандыларды да ақылдыға балайтын болды. «Ақылды үй», «ақылды телефон», «ақылды қала» сияқты адамның игілігіне жұмыс жасап жатқан техникалардың қатарына «ақылды аялдамалар» да қосылған. Барлығының міндеті бір, адамның тұрмысын жеңілдету.
Алматы қаласындағы «ақылды аялдаманың» алғашқысы Манас және Жандосов көшесінің қиылысында орналасқан. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері мен оқытушыларының ат салысуымен жарыққа шыққан бұл аялдама қазіргі таңда халықтың көңілінен шығуда. Wi-fi, ұялы телефонды қуаттауға арналған тоқ көздері, төлем терминалы, Алматы қаласындағы автобус бағыттары енгізілген картамен қамтылған аялдама жолаушыларға үлкен көмек көрсетуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке орын бөлінген аялдаманың қабырғасына шағын экран қосылған. Бұл көк монитор арқылы әлеуметтік маңызға ие бейне роликтер мен жарнамалық шығарылымдар көрсетіледі. Ең тиімдісі, бұл аялдамаға жұмсалатын барлық энергия күн сәулесінен алынуда Өз жұмысын табиғи энергия арқылы қамтамасыздандырып отырған ақылды аялдаманың саны артар болса, қалалық электр жүйесінің де жұмысы жеңілдер еді.
Жолаушыларға тиімді жағдай жасай білген аялдаманың идея авторы – Нұрлан Кәрімжан. Халықаралық ІТ Университетінде оқытушы қызметін атқаратын өнертапқыштың айтуынша, бұл аялдаманың көмегімен Алматыдағы ауа ластануын 20% дейін азайтуға болады.
Қоғамдық көлікке жиі мінетін қарапайым қала тұрғындары бұндай аялдамалардың саны артқанын қалайды. Сондықтан, инновациялық жобалардың негізінде туындаған бұндай идея әкімшіліктен қолдау тапса деп тілекші болып жүр.
Дайындаған: Аслан Қажиев
Massaget