Белгілі қазақстандық мүсінші, еңбек сіңірген өнер қайраткері Тілеуберді Бинашев дүниеден өтті. Суретші қайтыс болғанын оның әріптесі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марлан Нысанбаев Facebook желісіндегі парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біздің досымыз, әріптесіміз, белгілі мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, Академияның толық мүшесі, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Тілеуберді Бинашев өмірден өтті", - деп жазды Марлан Нысанбаев.
Тілеуберді Бинашев 1956 жылы 16 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Бинашев "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркем сурет академиясының толық мүшесі, сондай-ақ Ресей өнер академиясының құрметті шетелдік мүшесі.
Бинашев туындылары Алматының сәнін келтіріп тұр. Бұл - Күләш Байсейітова, Құрманғазы, Ахмет Жұбановтың ескерткіштері, Райымбек даңғылындағы этнографиялық мүсіндер және Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музейдің коллекциясы.
Оның әйгілі туындыларының қатарында 2020 жылы Алматыдағы Гүлдер алаңында ашылған Абай бюсті, Түркістандағы Шәмші Қалдаяқов ескерткіші, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!