Алматыдағы LRT құрылысы: Төле би көшесіндегі қозғалыс қашан қалпына келеді?

Алматыдағы LRT құрылысы: Төле би көшесіндегі қозғалыс қашан қалпына келеді?
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда LRT құрылысы жалғасып жатыр. Бұған байланысты Төле би көшесінің кей тұстарында көлік қозғалысы әлі де шектелген. Қыркүйекке дейін жағдай түзеле ме, жұмыстар қашан аяқталады? Толығырақ Massaget.kz материалында. 

"Қыркүйекте не боларын елестете алмаймын"

14 тамызда таңертең оқырман №37 автобуспен Төле би көшесімен келе жатқан. Оның айтуынша, автобус Розыбакиев көшесіне жеткенде жүргізуші алда жолдың бітеліп тұрғанын айтып, әрі қарай жүре алмайтынын ескерткен. Жолаушылар сол жерден түсіп, жолын жаяу жалғастырған.

"Маған да, басқа жолаушыларға да Розыбакиев көшесінде автобустан түсіп, екі шақырымдай жаяу жүруге тура келді. Өйткені көлік қозғалысы қатты қиындап кеткен еді. Жол қиылысында трактор тұрды, сол сәтте ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ еді. Сөйтіп, Төле би көшесімен жаяу кетуге мәжбүр болдық", - деді алматылық тұрғын.

Пассажиры идут пешком по Толе би из-за пробок на фоне строительства LRTTengrinews.kz оқырманының фотосы

Дорожные работы и пробка на пересечении Толе би и Розыбакиева в АлматыTengrinews.kz оқырманының фотосы

Әйелдің айтуынша, оны жаңа оқу жылы басталғаннан кейін бұл учаскеде қозғалыстың қалай ұйымдастырылатыны қатты мазалайды. Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде де осыған ұқсас пікірлер жазып жүр. Көпшілік қыркүйектен кейін Төле би көшесіндегі жағдай қалай өзгеретінін сұрайды.

Қазір Төле би көшесінде не болып жатыр?

Алматы қалалық мобильділік басқармасы (қазіргі Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы) қазір мердігер ұйымдар болашақ LRT желісінің трассасын дайындап, Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелеріндегі инженерлік коммуникацияларды көшіріп жатқанын хабарлады.

Жоба аясында барлығы 375 инженерлік коммуникация, соның ішінде жылу желілері, байланыс желілері, су құбыры, кәріз, газ және электр желілері қайта құрылуға тиіс.

  • Төле би көшесінде 269 коммуникацияны қайта құру жоспарланған, оның ішінде 34-і бойынша жұмыстар аяқталды.
  • Бауыржан Момышұлы көшесінде 39 коммуникация қайта құрылуы керек, оның төртеуі бойынша жұмыстар орындалды.
  • Тағы 67 коммуникацияны Абылай хан даңғылында көшіру жоспарланып жатыр.

Бұдан бөлек, құрылысшылар ескі трамвай рельстерін бөлшектеп, қозғалыстың ортаңғы екі жолағында топырақ қазу жұмыстарын жүргізді.

"Инженерлік желілерді қайта салу қажет болған жағдайда көлік қарсы бағыттағы жолдың бір жолағымен өткізіледі. Әдетте жекелеген учаскелердегі қозғалыс шектеуі бір-екі күннен аспайды", - деп хабарлады басқармадан.

Бұл жұмыстар аяқталған соң, құрылысшылар желі конструкцияларын, шпалдар мен рельстерді төсей бастайды.

Басқарманың мәліметінше, Төле би көшесіндегі жұмыстар жаңа оқу жылы басталғаннан кейін де жалғаса береді. LRT желісінің құрылысын қыс мезгілінде де жүргізу жоспарланып жатыр. Ведомство ақпаратына сәйкес, ауа температурасы төмендегенде мердігерлер қысқы бетондау және топырақ пен конструкцияларды қорғау технологияларын қолданатын болады.

Осылайша, LRT құрылысына байланысты уақытша қозғалыс оқу жылы басталғаннан кейін де шектеледі.

Автомобилистерге екі жолақ қайтарыла ма?

Жобаға сәйкес, құрылыс аяқталғаннан кейін Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелеріндегі ортаңғы екі жолақ LRT пойыздарының қозғалысына беріледі. Олар жолдың қалған бөлігінен бордюрмен бөлінеді.

"Жеке жолақтың бөлінуі қоғамдық көліктің басымдығын қамтамасыз етуге, қозғалыс жиілігі мен жылдамдығын арттыруға, сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді басқармадағылар.

Сонымен қатар, Төле би көшесінің жиектерінде орналасқан автобус жолақтарына қатысты мәселе әзірге ашық қалып отыр. Біз басқармадан LRT іске қосылғаннан кейін олардың сақталатынын сұрадық. Бізге бұл мәселе әлі қарастырылып жатқаны және нақты шешім әзірге шықпағаны хабарланды.

LRT қашан іске қосылады?

LRT-ның бірінші кезегін 2027 жылдың аяғында іске қосу жоспарланып жатыр. Сонымен қатар, басқармадағылар қажет пойыздардың дайындалуы мен жеткізілу мерзіміне байланысты бұл уақыттың өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

Алматылық LRT қай жерден өтеді?

Ұзындығы 18,3 шақырымды Алатау ауданының индустриялық аймағын Алматы-2 теміржол вокзалымен байланыстырады. Маршрут Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерімен, одан әрі Абылай хан даңғылымен "Райымбек батыр" көлік-ауыстыру торабына дейін өтеді.

Желі толығымен жерүсті болады - эстакадалар салу жоспарда жоқ.

Бұған дейін желіде тиісті нысандардың қарастырылғаны хабарланған болатын. 34 жолаушылар платформасы қарастырылған: 12 аралдық және 22 жағалаулық типте. Табан ені 1435 миллиметр болмақ.

  • Төле би көшесінде 4 аралдық және 15 жағалаулық станция орналасады.
  • Момышұлы көшесінде 5 аралдық және 5 жағалаулық станция қарастырылған.
  • Абылай хан даңғылында 3 аралдық және 2 жағалаулық станция пайда болады.

Пойыздардың максимал жылдамдығы қандай?

Басқармадағылар пойыздар сағатына 65-70 шақырымға дейін жылдамдық ала алатынын хабарлады. Әрбір 700 метр сайын аялдамалардың болуына байланысты орташа жылдамдық сағатына 30-35 шақырым болады.

Бұған дейін жылжымалы құрамның 285 жолаушыға дейін тасымалдай алатыны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget