Алматыда 7 жасар Карина Закураеваның өліміне қатысты басты сот отырысы басталды. Көз жұмған баланың өгей анасы, қоғам қайраткері Балжан Тұрлыбек айыптау сотында отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатыр. Істі судья Ерлан Болатов қарап жатыр.
Қылмыстық іс материалдарынан күдікті ретінде 47 жастағы Балжан Тұрлыбек танылғаны белгілі болды. Ашық дереккөз мәліметінше, ол - белгілі қоғам қайраткері.
Мемлекеттік айыптаушылардың айтуынша, Балжан Тұрлыбек қыздың 33 жастағы әкесімен былтыр шілдеде танысқан. Кейін олар әйелдің үйінде бірге тұруға шешім қабылдаған. Биыл ер адам үйіне бұрын әжесі Елена Закураеваның қолында тәрбиеленген қызын әкелген.
Қыз биыл шілдеде қаза тапты.
"Қыз алған жарақатынан жедел жәрдем келгенше қаза болды. Сотталушы қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмның әкесіне телефон соққан", - деді прокурор Данияр Тағаев.
Айта кетейік, Балжан Тұрлыбек өз кінәсін мойындамады.
Сотта марқұмның әжесі де куәлік етті. Ол қызды жеті жыл бағып-қаққанын айтты.
"Оның әкесі қызды биыл алып кеткен. Олар оны жүйелі түрде ұрып-соғатын", - дейді Елена Закураева.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 7 жасар қызды өгей шешесі ұрып өлтірді деген күдікке ілінген еді.
Ол қамауға алынды. Марқұм болған Карина Закураеваның жақындары 47 жастағы әйелдің жеткіншекті 4 ай бойы сабап келгенін айтады. Ал, туған әкесі оған мүлде араша түспеген.
Олардың айтуынша, әйел қызды соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін басын қабырғаға ұрған. Қатты соққыдан миына қан құйылып қайтыс болған. Қызды бағып-қаққан әжесі мен көршілері енді ұлының да жазалауды сұрап отыр.
"Карина үлкен дәретін жіберіп қойған. Содан кейін ол әйел қызды ваннаға кіргізіп, басын қабырғаға ұрған. Басы тесіліп, есінен танған. Сөйтіп, жерге бүкіл салмақпен құлаған. Сосын әкесіне "Меніңше, өлтіріп қойдым" деп қоңырау шалған. Осыған дейін 4 ай бойы тоқтамай ұрып жүргенін кейіннен білдім", - дейді Каринаның туысқан әпкесі Екатерина Закураева.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!