Алматыда мамырда қайтыс болған 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжанның өліміне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушы Жанбота Шәкіров "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
29 қазанда Алматы гарнизоны әскери соты Жанбота Шәкіровті лейтенант атағынан айырып, марқұм сарбаздың отбасына 10 миллион теңге моральдық шығын төлеуге талап қойды.
Еске салайық, биыл мамырда Жетісу облысында 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан қайтыс болған еді.
"Мінезі қатты, мықты жайдары бала, ақ көңіл еді. Әскерге былтыр 11 қазанда өз еркімен кеткен. Алғашқы кезеңдері бәрі жақсы болған, шағымы болмады. 2024 жылғы 3-мамырда таңертең анасына қоңырау шалып, "Мама, ауырып тұрмын, кеудем қысып тұр, қызу бар сияқты" деді. Анасы "Дәрігерге барып қарал" деді. Біраздан соң сержант қонырау шалып, "Балаңыз ауырып қалды, азқазаны ауырып тұрған сияқты, тамақ ішпегеннен шығар. Қазір дәрігер тексеріп жатыр" деді. Сәлден соң өзіміз қоңырау шалдық, "Апа, сіздің балаңызды Алматыдағы әскери госпитальға жедел алып бара жатыр" деді. Содан хабарсыз кетті", - деген еді сарбаздың анасы.
Massaget.kz тілшісі сарбаздың ата-анасымен және оны емдеген дәрігерлермен сұхбаттасты.
Досымжан Сәлімжан былтыр күзгі шақырылымда өз қалауымен әскерге кеткен. Алайда көп ұзамай бала бүйрегіне, өкпесіне шағымданып, ауруханаға түскен. Сарбаз Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонында қызмет еткен. Денсаулығы күрт нашарлай бастағанда алдымен Сарыөзектегі ауруханаға жүгінген. Онда баланың асқазаны тазаланған. Кейін ол жедел түрде Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінің жансақтау бөліміне жатқызылған. 10 күннен кейін баланың жүрегі тоқтап қалған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз