Алматыда заңгер әйелін 18 жерінен пышақтап өлтірген бұрынғы күйеуі жазасын толық өтейтін болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сот Талғат Нұртаевті 11 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Бірақ адвокаты Нұртаев жұбайын қасақана емес, абайсызда жазым қылды деп апелляциялық шағым түсірген еді. Бүгін өткен процесте судья бұл уәжі негізсіз деп, үкімді өзертпеді.
Еске салайық, заңгер Айман Асановамен Талғат Нұртаев 2019 жылы отбасын құрған. Үш жыл ғана некеде тұрып, жиілеген ұрыс-керістің кесірінен екеуі ақыры ажырасады. Алайда жанжал мұнымен бітпеген. Енді ортақ мүлікті бөлу мәселесіне келгенде кикілжің одан бетер ушыға түскен. Осылайша, Талғат Нұртаев бұрынғы әйелін дәл үйінің алдынан ұстап алған. Сол күні, тергеу мәліметінше, ол 42 жастағы Айман Асановаға 18 жерінен пышақ сұққан. Әйел ауруханада қайтыс болды.
Әу баста қылмыс ашу үстінде жасалды деп, сот күдіктіні бір жарым жылға ғана бас бостандығынан айырған еді, бірақ бұл шешім қоғамда үлкен дау туғызды. Жазаның тым жеңіл екенін айтып марқұмның жақындары да қарсы шыққан. Ақыры Нұртаев экс-әйелін қасақана өлтіргені дәлелденіп, жазасы 11 жылға ұзартылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!