Алматыда танымал заңгер Әділетхан Молдахан ұсталды. Бұл жайтқа Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бұл істі өз назарына алған.
"Әділетхан Молдахан бойынша ІІМ-мен сөйлестім. Тек заңда қаралған негіздермен шара қабылданып жатқанын жеткізді. Назарымда болады", - деді ол.
Сонымен қатар, заңгер Мейірман Шекеев осы іске қатысты өз болжамын айтты.
"Әділетханға тағылып отырған айып - ҚК-нің 174-бабы, яғни ұлтараздықты тудыру және 274-бабы, көрінеу жалған ақпарат тарату. Біріншісі бойынша көп нәрсе айта алмаймын. Екіншісі бойынша, менің пайымдауымша, Әділетхан жол апатына қатысты біраз адамның атын атаған. Солардың біреуі арыз түсіріп, осы бап бойынша іс қозғалды ма деген болжамым бар. Маған белгілі ақпарат тек осы. Әділетханның қасында жүрген бауырлары, адвокаттары осы іспен түбегейлі айналысып жатыр", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде заңгер ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейінірек Алматы Полиция департаменті бұл ақпаратты растады.
"Алматы Полиция департаменті М.-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр", - деді бұған дейін Алматы ПД өкілі.
Әділетхан Молдахан - азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Instagram парақшасына миллионнан аса оқырман жазылған.
Бұған дейін заңгер әлеуметтік желіде видео жариялап, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына (салдарынан үш адам қаза тапқан) құқық қорғау органы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Кейінірек Алматы Полиция департаментінің бастығы қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!