Алматыда жаңа заманауи перзентхана салынып жатыр. Ашылғаннан кейін босануға қабылдайтын әйелдер саны екі есе артады, деп хабарлайды Massaget.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Перзентхана Сейфуллин және Бөгенбай батыр көшелері қиылысында орналасқан №1 перзентхана орнында бой көтереді. Қазір құрылыс алаңында монолит жұмыстары аяқталып, қабырғасы тұрғызылу үстінде және Бөгенбай батыр көшесі жағынан инженерлік желілер тартылып жатыр.
"Құрылыс бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. 2027 жылдың көктемінде жұмысты аяқтап, корпусты пайдалануға беру жоспарланған", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, жаңа корпустың ауданы 10 458 шаршы метр болады. Ғимарат үш қабатты, сондай-ақ жертөле және техникалық қабаттары болады. Жоба бойынша 155 төсек-орын қарастырылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жобалаушылар босануға көмек көрсетуді ұйымдастырудың заманауи талаптарын ескергенін атап өтті. Жаңа палаталарда аналар мен жаңа туған нәрестелерге жайлы жағдай жасалады.
"Жаңа корпус ашылғаннан кейін перзентхана жылына 5 мыңның орнына, 9 мыңға дейін босанушыны қабылдай алады", - делінген хабарламада.
Хирургиялық көмек көрсету жүйесі де өзгереді. Қабылдау бөлімінде шұғыл ота жасау бөлмесі жабдықталады, ал ота жасау бөлмелерінің жалпы саны екіден төртке дейін артады.
Ведомство ақпаратынша, бұл шұғыл араласуды қажет ететін жүкті әйелдер мен босанушыларға хирургиялық көмекті тезірек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа корпус 1938 жылы салынған перзентхана ескі ғимаратының орнын басады. Оның ауданы 3 347 шаршы метр болған.
"Ол тіреуіш конструкциялары мен инженерлік желілерінің төтенше жағдайына, өрт қауіпсіздігі, желдету және инфекциялық бақылау талаптарына сәйкес келмеуіне, сондай-ақ лифтілердің болмауына байланысты бұзылды", - делінген хабарламада.
Тағы бір мәселе - нысанның тектоникалық жарық аймағында орналасуы болды. Ғимарат қазіргі сейсмикалық нормаларға сай келмеді.
"ҚазҚСҒЗИ қорытындысына сәйкес, ғимаратты нығайту және күрделі жөндеуден өткізу мүмкін емес әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру шеңберінде алдағы үш жылда балалар ауруханаларын, перинаталдық орталықтар мен оңалту орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр.