Белгілі стилист әрі блогер Мира Берген Яндекс.таксиге қатысты оқиға туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Стилистің сөзінше, кеше ол құрбыларымен кездесу үшін Яндекс.такси шақырған.
"Киініп, дайындалдым, бір кезде қосымшадан көлік келіп күтіп тұрғаны туралы хабар келді. Жаңбыр жауып тұр, көшеге шықсам көлік жоқ. Жаңбырдың астында қалып күттім. Жүргізушіге хабарлассам ол біздің тұрғын үйде кіретін жерді таба алмай жатқанын айтып, ашуланып тұр екен. Ақыры көлік келген кезде су болып кеттім. Ол туралы жүргізушіге айттым.
Жүргізуші наразылығымды оған емес, басқа жақындарыма айтуым керегімді айтып, мені ешқайда апармайтынын жеткізіп, жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан оның көлігінен шығуымды талап етті", - дейді Мира Берген.
Стилист бұл жағдайдың бәрін видеоға түсіріп алған. Жүргізуші оның телефонын тартып алмақ болып, Мира Берген отырған жағынан келіп, оны жұлқылап, көліктен шығарып тастаған. Артынша Яндекс қосымшасында блогерден жол ақысы алынған.
Яндекс жүргізушісі Мира Бергеннің қолын, тіпті бетін де тырнап алған. Мира Бергеннің парақшасында бұл жайт қызу талқыға түскен. Видеоны 160 мыңға жуық адам көрген. 2 мыңға жуық пікір жазылған. Massaget.kz тілші бұл жайтқа қатысты Мира Бергеннің өзінен пікір сұраған болатын.
"Бұл жазбадан кейін көптеген адам Яндекс.таксиге қатысты болған сұмдық жағдайлар туралы маған жекеме де, жазбаға пікір қалдырып та жаза бастады. Оның ішінде, аяғы ауыр әйелдер, кішкентай баласы бар әйелдер де бар. Яғни мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. 500-ге жуық хат келді, олардың әрқайсы Яндекске қатысты негатив оқиғалар туралы айтып берген. Бұл проблеманы блогер ретінде көтеруім де бекер емес. Блогер тек жарнама арқылы ақша табатын адам деп түсіну дұрыс емес, оның өзіндік аудиториясы бар, сол арқылы қоғамдағы проблеманы көтереді. Егер қарапайым адамның ондай мүмкіндігі болмаса, блогердің ақпараттық ресурсы бар", - дейді Мира Берген Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Осылайша, блогер бұл жағдайдан бірнеше проблеманы байқаған.
"Біріншіден, көптеген адам "неше түрлі адам болады, оның әрқайсын қадағалап жүре алмайсың" дейді. Иә, бірақ мәселе онда емес. Мәселе ондай адамдардың жазасыз қалатынында. Егер таксопарктер мұндай мамандарды жазалайтын болса, басқа жүргізушілер ойланып әрекет істер еді. Мұндай жүргізушілер жазаланбайды, ал Яндекс зардап шеккен адамға мысалы 3 мың теңге бонус беріп қана құтыла салады. Сосын зардап шеккен адам ол мәселені ары қарай қазбаламайды. Бірақ біз өзімізді қорлау үшін таксистерге ақша төлеп жатқан жоқпыз ғой", - дейді блогер.
Сонымен қатар, Мира Берген кеше жариялаған жазбасынан кейін пікір жазған адамдар екіге бөлінгенін, осылайша виктимблейминг (зардап шеккен адамның өзін кінәлау - еск.) байқалғанын айтады.
"Біздің қоғамда виктимблейминг бары байқалды. Жазбадағы пікірлерді оқып шықсаңыз, адамдар екіге бөлінгенін байқайсыз. Біреуі бұл мәселені бұлай қалдыруға болмайтынын айтса, енді бірі маған "мұндай жағдайға жеткізген өзіңіз шығар? Сіздің өзіңізді арыққа итеріп, таптап тастау керек еді, тіліңе ие болуың керек еді" дейді. Яғни біздің қоғамда зорлық-зомбылықтың қай түрі болмасын зардап шеккен адамның өзіне қарсы шығады. Сені зорлап кетті ме - демек, өзің қысқа киінгенсің, таксиден қуып жіберді ме - демек, тіліңе ие болмағансың деген секілді. Осы мәселелерді көтергім келді", - дейді Мира Берген.
Блогер бұл жағдайдан кейін полицияға арызданған.
"Ауруханаға да бардым, медициналық тексерістен өттім, бәрін түсіріп алдым. Енді бұл істі сотқа дейін жеткіземін. Яндекс те менімен бірден байланысты. Өтініш жазу формасын жіберді. Осы жағдай арқылы үндемей қалмау керегін көрсеткім келеді", - дейді блогер.
Massaget.kz тілшісі Яндекс.такси өкілдерімен байланысты. Компания өкілдері бұл жағдайға қатысты жауап беруге уәде етті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!