Алматыда порнографияны таратумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушысы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық полиция депортаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, ер адам порнографиялық материалдарды тарату үшін трансұлттық қылмыстық топ құрған. Сондай-ақ 300-ден астам webcam модельдері жұмыс істейтін ірі модельдік агенттіктің қол астында жұмыс істеген.
Алматы полициясы ұйымдасқан қылмыстық топты құрудың 14 фактісін зерттеп жатыр. Оның төртеуі трансұлттық ұйымдасқан топты құру және басқаруға қатысты.
Операциялық бөлімшенің мәліметінше, жыл басынан бері қылмыстық әрекетпен айналысқан 23 адам құрықталған. Заңсыз айналымнан 52 бірлік атыс қаруы, оның ішінде 20 тапанша, 4 автомат, 10 бірлік мылтық қаруы, 7 тегіс ұңғылы мылтық, 11 кесілген шолақ мылтықтар, 350-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыспен күрес қызметкерлері кәмелетке толмағандар саудасының 7 фактісін, адам саудасының 1 фактісін тоқтатты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бір күндік кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақша ауыстыру айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі сотталған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз